ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН БІЛІМ - ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ КЕПІЛ

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» балалардың әл-аухатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты», Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК, Ғ. Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясы бірлесіп 2025 жылғы 3-4 наурыз күндері «ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН БІЛІМ - ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ» тақырыбында республикалық семинар (бұдан әрі – Семинар) өткізді.

Семинардың мақсаты - құндылыққа негізделген білім беру жүйесін дамыту арқылы тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру және білім алушылар үшін қауіпсіз, ізгілікті қоғам құруға ықпал ету. 

Семинарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» балалардың әл-аухатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты», БАҚ, қоғамдық ұйым өкілдері, өңірлердің білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтері, сондай-ақ Астана қаласының білім беру ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары, педагогтері қатысты. Жалпы, 3-4 наурызда өткен іс-шараға 400 аса адам қатысты. 

Семинар жұмысы аясында 2025 жылғы 3 наурыз күні Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының базасында Семинардың пленарлық сессиясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, пленарлық сессиядан кейін №73, 92, 107, Quantum мектебі өңірлерден келген қонақтарға өз тәжірибелерін таныстырды. 

2025 жылғы 4 наурыз күні Ғ. Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының базасында Семинардың практикалық бөлімі өтті. Оның аясында 4 секция жұмысы ұйымдастырылды: 

1-секция: «Құндылықтарға негізделген тәрбиелік жобалар: сынып жетекшілердің іс-тәжірибесі»; 

2-секция: «Сабақ мазмұнындағы құндылықтар: пән мұғалімдерінің тәжірибелері»; 

3-секция: «Басқару жүйесіндегі құндылықтар: мектептің стратегиялық даму үлгілері»; 

4-секция: «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: мектептегі құндылықтарға негізделген тәрбие үрдісі». 

Семинар қатысушылары екі күн бойы өзара пікір алмасып, озық тәжірибелерімен бөлісті.